Бүгін "Өркениетті келешек" қоғамдық қоры "Samruk-Kazyna Trust" қолдауымен "Періште" орталығын кеңейту жобасы туралы және ашылған гидрокинезотерапия орталығымен таныстыру мақсатында ашық есік күнін өткізеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Мамандардың айтуынша, мұнда ай сайын 50 - 70 бала оңалтудан өтеді. Орталыққа қаладан бөлек, жаз айларында Қазақстанның өзге өңірлерінен ем алушылар келіп тұрады. Пациенттерге орталық штатындағы 20 адам қызмет көрсетеді.
Оңалту орталығы медициналық қызметтің сан алуан түрін көрсетеді. Мысалы, логопед, психолог, биоаккустикалық миды түзеу (БАК) терапия, массаж, парафин, физиотерапия, жылыту және емдік физкультура. Бүгін олардың қатарына гидрокинезотерапия қосылды.
Бүгінде медициналық орталықтың қызмет көрсету көкжиегі кең. Мұнда барлық балалар мемлекеттік тапсырыспен емнен өтеді. Поликлиникадан жолдама алса оңалтуға, ФОМС қаржыландыруы немесе әлеуметтік басқарма тапсырысымен айына 30 мүмкіндігі шектеулі баланы ақысыз емдік шаралардан өткізіп отырады. Орталық әр пациенттің диагнозына сай бағдарлама жасап оңалту жаттығуларын әзірлейді.
Ашық есік күні барысында қор директоры Гүлбаршын Қарабалина орталықты таныстырып, ашылған жаңа бөлімнің жан - жақты жақсы тұстарын айта өтті.
Жоба аясында оңалту үшін жабдықтар сатып алынып, мүмкіндігі шектеулі балаларға сапалы қызметтер көрсетіледі. Оның ішінде жүзу және гидрокинезотерапия жүргізу үшін бассейн сатып алынды. Бұл бассейн айына шамамен 30-40 баланы сауықтыруға және әлеуметтендіруге көмектеседі. Нәтижесінде балалар жүзу арқылы үлкен, орта және ұсақ моторикасын жақсартады, - деді "Өркениетті келешек" қорының директоры Гүлбаршын Қарабалина.
Аталған жобаның негізгі мақсаты - жылына Маңғыстау облысының 300-ден астам мүмкіндігі шектеулі балаларына арналған жоғары технологиялық жабдықтардың көмегімен диагностика және оңалту бойынша сапалы тұрақты қызметтер көрсету арқылы мүмкіндігі шектеулі тұрғындардың денсаулығын жақсарту және сауықтыру.
Мұндай орталықтардың әрі қарай дамып, өсуі дертіне шипа іздеп жүрген жандар үшін зор мүмкіндік. Себебі бұл орталықта кәсіби мамандар көмек қолын созуға даяр.